Әлеуметтік желіде Марқакөл ауданындағы өзенді бәзбіреулердің ластап жатқаны туралы түсірілген видео кеңінен тараған еді.
Осыған орай, Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданындағы алтын қазушыларға қатысты тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылғаны хабарланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аталған жайтқа қатысты тексеру жүргізілетінін шегелеп айтты. Жауаптылардың сөзінше, бүгіннен бастап аумаққа жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген.
– Марқакөл ауданында жер қойнауын пайдалануға лицензиясы мен келісімшарты бар 6 компания жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, алтын өндіруге лицензия алған 10 жеке қазушы бар. Қазір экология, өнеркәсіп министрліктері, облыс әкімдігі, Бас прокуратура және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар қызметкерлерінен арнайы комиссия құрылды. 1 тамызда аталған аумаққа жоспардан тыс тексеру басталды. Табиғатты ластау немесе заңсыз өндіру деректері анықталған жағдайда, кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады, – делінген ресми ақпаратта.