Сауда және интеграция министрлігі АҚШ Қазақстанға салған баж салығына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан АҚШ тарапынан қосымша тарифтер енгізу мәселесіне байланысты келіссөзді жалғастырып жатыр.

"Осы үдеріс аясында биыл маусымда ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері АҚШ тарапымен екіжақты кездесу өткізді. Қазақстан АҚШ-қа өзара тиімді сауда ынтымақтастығын дамыту, тауар жеткізу тізбектерін тұрақты сақтау және нарыққа әділ қол жеткізу шарттарын қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын ресми ұсыныс жолдады. Бұл ұсыныс АҚШ Президенті Д.Трамптың 2025 жылғы 2 сәуірдегі жарлығы мен оған енгізілген кейінгі өзгерістерді ескере отырып әзірленген", — деп жазылған хабарламада.

Келіссөздер барысында тараптар ұсынылған бастамаларды жан-жақты қарастырған.

"Қазақстан тарапы сындарлы ынтымақтастыққа бейіл екенін растайды. Қарсы тарап та келіссөздерді жалғастыруға ашық. Бұл өз кезегінде өзара тиімді әрі екі елдің мүдделеріне сай келетін шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді", — деп жазылған хабарламада.

Министрлік ақпаратына сүйенсек, енгізілген тариф АҚШ-қа Қазақстаннан жеткізілетін жалпы экспорт көлемінің небәрі 4,8%-ына әсер етеді, ал қалған 95,2%-ы жаңа кедендік баждан тыс қалады. Қазір Қазақстан АҚШ-қа мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал, титан, бериллий және өзге де өнім түрлерін экспорттайды. Бұл өнімдердің басым бөлігі тарифсіз, шектеусіз экспортталып жатыр.

"Жаңа тарифтердің ықпалы сары фосфор, ферросилиций, линзалар, бидай глютені және аммоний нитраты сынды тауарларға тиеді", — деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, кеше АҚШ президенті Дональд Трамп он шақты елге, соның ішінде Қазақстанға қатысты баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

Тиісті құжаттар Ақ үй сайтында жарияланған. Импорттық баж мөлшері 10-нан 41 пайызға дейін жетеді. Дональд Трамп Қазақстанға қатысты 25 пайыз көлемінде баж салығын енгізді.

Бұған дейін не белгілі?

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден әкелінетін барлық тауарға баж салығы енгізілетінін жариялады. Мәселен ЕО елдерінен келетін тауарға 20 пайыз, Швейцария үшін 31 пайыз, Ұлыбритания үшін 10 пайыз, Израиль үшін 17 пайыз, Қазақстан үшін 27 пайыз болады делінді.

Ең жоғары төлем Вьетнамға (46 пайыз), Камбоджаға (49 пайыз), Лаосқа (48 пайыз) жүктелген еді.

Кейінірек Қазақстанның Сауда министрлігі осы жағдайға пікір білдірді.

Біраз уақыттан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайды қоспағанда, әлем елдерінің тауарларына бұған дейін жариялаған баж салығын 90 күнге тоқтатты.

АҚШ президенті Дональд Трамп 7 шілдеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Вашингтон 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық тауарға 25 пайыз баж салығын енгізетінін хабардар етіп, хат жолдады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget