Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан және Қызылорда облыстарындағы су шаруашылығы нысандарын тексеруді жалғастырып, жергілікті шаруалармен кездесулер өткізді.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Сырдария, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы шаруа қожалықтарына барып, ауыл шаруашылығы саласының қазіргі ахуалымен танысты.

Қанат Бозымбаев Сырдария ауданын­дағы күріш, бидай және жоңышқа өсірумен айналысатынын «Мағжан и К» шаруашылығына барды. Мұнда суармалы суды тиімді пайдалану және су шығынын азайту үшін лазерлік жер тегістеу технологиясы енгізілген. Қазіргі таңда ауданға жоспарланған 674,2 млн текше метр судың 458,5 млн текше метрі немесе 68%-ы жеткізілген.

Қазалы ауданында вице-премьер «РЗА» компаниясында болды. Мұнда 200-ден астам адам жұмыс істейді. Шаруашылық күріш, жүгері және жоңышқа егеді. Егіс «Басықара» және «Қызылой» каналдары арқылы суарылады. Ауданда егін шаруашылығымен айналысатын 9 кәсіпорын бар. Вегетациялық кезең басталғалы бері келісімшарттарда көзделген 295,03 млн текше метр судың 259,6 млн текше метрі немесе 88%-ы жеткізілген. Шаруашылықтарға Төтенше жағдайлар министрлігі сорғы қондырғыларын алып беріп, қосымша қолдау көрсетіліп отыр.

Одан кейін Премьер-министрдің орынбасары «Басықара» су торабының жұмысымен танысып, ша­руа­шылық басшыларымен кездесуде халық­аралық келісімдер жөнінде ақпарат берді.

«Көрші елдермен жүргізілген келіссөз­дердің нәтижесінде вегетациялық кезеңді сәтті аяқтау үшін су көлемі жеткілікті болады деген үміт бар. 15 тамызға дейін Өзбекстаннан секундына 200 текше метр, Қырғызстаннан 150 текше метр су жеткізіледі», деді Қ.Бозымбаев.

Сондай-ақ вице-премьер Қармақшы және Жалағаш аудандарындағы суармалы жерлердің жай-күйімен танысып, «Жаңажол» және «Таң LTD» кәсіпорындарын аралады.

Әр ауданда фермерлер арасында мониторинг пен түсіндіру жұмыстарын жүр­гізу үшін жұмыс топтары құрылған. Аймақ­та суды тиімді пайдалану мақсатында 320-дан астам сорғы қондырғысы іске қосыл­ған. Егістіктің 98%-ы 5 магистралдық және 3 ша­руа­шылықаралық канал арқылы кес­теге сәй­кес суарылып жатыр. Жағдай – Үкіметтің тұрақ­ты бақылауында.