Шыңғырлау ауданында шаруа қожалығының басшысы егінін тапаған 70 бас жылқы иелері мен жылқышыдан материалдық шығынды өндіруді талап етіп, сотқа жүгінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, шаруа қожалығы жалға алған 30 гектарға егілген жаздық бидайға жылқылар түскен.
Жылқышы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыппұл төлегенімен, комиссиялық акт бойынша малдың тапауы салдарынан қожалықтың 1,3 млн теңге пайдадан айырылғаны белгілі болды.
Шыңғырлау аудандық соты істі қарай отырып, Азаматтық кодекстің 917-бабы 1-тармағына назар аударды. Соған сәйкес мүліктік залал келтірген адамдар оны толық көлемде өтеуі тиіс.
Сот жауапкерлердің комиссиялық тексеруге қатыспағандығы және келтірілген шығынды есептеумен келіспейтіндігі туралы уәждерін негізсіз деп санады. Акт жалғыз талап қоюшы ғана емес, іске мүдделі тараптардың, соның ішінде ауылдық округ әкімдігі өкілінің қатысуымен жасалды. Есеп-қисап жергілікті атқарушы органның мәліметтері бойынша жүргізілген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және акт жауапкерлер жылқыларының шаруа қожалығы жеріндегі дәнді дақылдарға зиян келтіргенін растайтын сенімді дәлелдеме болып есептеледі.
– Айыппұлды жылқышы төлеген, сондықтан оқиғаның орын алғаны, зиян келтірушінің кінәсі анықталды. Жылқылардың жауапкерлерге тиесілі, олардың саны туралы мәліметтер расталды. Осының бәрін ескере отырып, сот Азаматтық кодекстің 935-бабы 5-бөлігіне сәйкес жауапкерлерден 900 мың теңгені өндірді. Сот шешімі заңды күшіне енді, – деп хабарлады ведомстводан.