Антониу Гутерриш барлық қатысушыға ықылас танытып, аталған Орталықты ашу арқылы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында өңір үшін жаңа кезеңнің басталғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бұл ортақ басымдықтар мен бірлескен шешімдерге негізделген Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірін білдіреді. Аталған Орталық аймақ көшбасшылары арасындағы берік байланыстардың жан-жақты экономикалық интеграцияға қалай ұласатынын көрсететіндей әлеуетке ие. Мен Президент Тоқаевтың сарабдал саясаты мен көшбасшылығын жоғары бағалаймын. Оның бастамалары әлемдік тәртіпте рөлі артып келе жатқан Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастыруға ықпал етуде, – деді Бас хатшы.
Сондай-ақ Антониу Гутерриш Түркіменстанда өтетін теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның үшінші конференциясы қарсаңында Алматыға келгеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Орталық осындай мемлекеттер үшін іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыруда жаңашыл тәсіл ұсына алады. Бүгінде Қазақстан теңізге шыға алмайтын ел санатына жатпайды. Біз мұны сенімді түрде айта аламыз. Автокөлік және темір жол дәліздері, талшықты-оптикалық желілері арқасында Қазақстан жаһандық сауда жүйесінің, әлемдік логистиканың, көлік және телекоммуникацияның орталығына айналды. Сіздердің елдеріңіз шын мәнінде Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы көпір болып отыр, – деді Антониу Гутерриш.
Бас хатшы сөзінің соңында Қазақстанның ішкі саяси бағдары мен сыртқы саясатына жоғары баға берді.
– Қазақстанға шын жүректен тәнтімін. Мен үшін Қазақстан –даналықтың символы, халықтар арасына дәнекер болып, бейбітшілікке үндейтін ел. Бұл – түрлі этнос пен дін өкілдері бас қосып, ортақ келешекке апаратын жолды бірге іздейтін мекен. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын ешқашан ұмытпаймын. Осы шешімнің нәтижесінде Сіздердің елдеріңіз бейбітшілік пен қарусызданудың символына айналды. Бүгінгі таңда бұл өте өзекті. Қазақстан әрдайым парасаттылық танытқан әрі сол биігінде қалады. Өкінішке қарай, қазіргі әлемге осындай байыпты ұстаным жетпей тұр, – деді Антониу Гутерриш.