Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Долан ауылы маңындағы таулы жерде құрғақ шөп пен бұталар өртенді. Өрт орнынан түскен алғашқы мәліметтерге сәйкес, тілсіз жау таулы әрі қолайсыз аймақта тіркелді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Төтенше жағдайды жоюға жұмылдырылғандар:
- Алматы облысы және Алматы қаласы ТЖД қызметкерлері;
- Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;
- Жергілікті атқарушы органдар;
- ҚР ТЖМ-нің 28237 әскери бөлімінің сарбаздары;
- 20 арнайы техника бірлігі.
Өрт сөндіру үшін «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы тартылып, су төгу құрылғысы арқылы 8 мәрте су шашу операциясы жүргізілді.
Өрт толықтай ауыздықталды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жалпы жанған аумақ 40 гектарды құрады. Өрт сөндіру жұмысының нәтижесінде құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндіріліп, аумақ бақылауға алынған. Мамандар тарапынан өрттің қайта тұтанбауы үшін профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр.