Жазушы, журналист Қанат Тілеухан бірер күн бұрын Астанада жеке концертін өткізген Дженнифер Лопес туралы жеке пікірін айтты.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол Facebook желісіндегі парақшасында әлемдік жұлдызды сынап жатқандарға жауап берді.

“Бір-екі күнен бері желі Дженифер Лопес жазып жатыр, жазып жатыр. Қысқасы, жеті атасынан түк қалдырмады.

Соны сынап жатқандар концертіне барды ма? Әңгіменің бәрі оның бөксесі. Тоқ бөксе көруге еркектің бәрі құмар емес пе? Оның жанды дауыста ән салғаны, алпысқа келіп қалса да билеуі неге сөз емес? Бөксе демекші бөксенің көкесін көлге барғанда көріп жүрген жоқсыңдар ма? Ғаламторда онсызда толып жатыр ғой. Әлде Шыңғысхан заманындағыдай тері жамылып алып жайлауға көшкенде, жайлаудан түскенде суға түсесіздер ме?

Лопес кім? Бір рөлі үшін қаршадай кезінде бір млн доллар тапқан талант. Әлемге мәшһүр Голливудттың даңқ алеясына есімі қашалған актриса. Кинодағы сол өнері үшін Оскардан кейінгі мықты «Алтын глобус» бәйгесін жеңіп алған. Бір жылдары Форстың жазуы бойынша әлемдегі ең ықпалды әйелдердің қатарына кірді.

Біреулер азғын дейді. Азғын боп анаша, есірткіні насихаттады ма? Отбасылық құндылыққа қарсы ма? Керісінше жақында Ресейге концерт өткізуден бас тартқан ақпар шықты. Репутацияма әсер етеді депті әнші.

Абай тойында масқара болдық дейді. Сол Абай айтқандай өнері мен еңбегімен өзгелерден озған жан емес пе?! Өнерде шекара жоқ. Астана мен Алматыда көрермені бар. Неге олар көрмеуі керек.

Қайта Ұлы ақынымыздың тойында Абайымызды оған таныстырайық. Әйгілі америкалық саяхатшы Д. Кенанның жазбаларында Абай жайлы дерек барын көрсетейік.

Дженифер Лопес барғандар неге қазақ әншілеріне бармайды деген де әңгіме жүр. Біздің Димаш АҚШ, Англияға барды. Қазақта неміз бар, өз әншілерімізді тыңдайық деп Димаштан кім теріс айналды. Алматыға да кеп жатыр Димаш үшін. Сонда америкалық әншіні қазақ болмағаны үшін тыңдамау керек пе?

Керісінше салафан пакет пен салаттың ортасында қалған біздің шоу бизнес өкілдеріне қозғау болсын дейік”, — деп жазды ол.

Аталмыш жазбаға желі қолданушылары түрлі пікір жазуда.

”Азғындарсыңдар. Бар, көшеде ұл қызыңмен бірігіп, шешініп жүріңдер”, “Жөн сөз айттыңыз. Джей Ло — нағыз талант. Дөтен дей бергендердің ойы сол төңіректен аспай қалғандар ғой”, “Тоқ етерін айттыңыз күңіреніп жазғандар нағыз топастар екен”, “Әңгіме өнерде емес көкем ау, тыржалаңаш жүргенде. Біздің Димаш шетелге барып, ән айтса. Тыржалаңаш айтып жүрген жоқ қой. Сахна мәдениетіне сай, жүрген жоқ па?”, — деп жазды олар.