Прокуратура колледж қызметіне тексеріс жүргізді.
Маңғыстау облысында бас есепші бюджет қаражаттарын жымқырғаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Тексеру нәтижесінде колледждің бас есепшісі іссапар, шәкіртақы төлемдері және салық міндеттемелеріне бөлінген 243 миллион теңгені өзінің жеке шотына заңсыз аударғаны белгілі болды.
Бұл әрекет қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету" ретінде сараланып, арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеу жүргізді.
"2025 жылғы 9 шілдеде Маңғыстау аудандық соты бас есепшіні қылмыстық кодекстің аталған бабы бойынша бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар сотталушы 10 жылға дейін бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: "Су да іше алмай отырмыз". Маңғыстау облысында тұрғындар қара қоңыздың қаптағанына шағымданды