Елімізде медициналық препараттар өндірістен шыққаннан тұтынушыға жеткенге дейінгі аралықта онлайн бақылауда тұрады. Қазір дәріханалар мен ауруханалар тек цифрлық таңбаланған дәрі-дәрмектерді ғана қабылдауға міндетті және ол қашан дайындалғаны, кім пайдаланғаны туралы ақпарат ортақ электронды желіде көрініп тұрады.
№4 емхананың дәріхана провизоры Күлзада Өтегенованың айтуынша, әр дәрі кімге арналғандығы, оны қашан алғандығы туралы барлық ақпарат электронды желіде жарияланады. Оның бәрін eGov Mobile қосымшасында «Әлеуметтік әмиян» қызметін пайдаланушылар бақылап көре алады.
Күлзада Өтегенова, дәріхана провизоры:
- Бізге келіп түскен дәрілердің барлығында маркировкалары бар. Сол маркировкамен біз E-health программасында қабылдаймыз. Ол автоматты түрде біздің «Исло» программамызға түседі. Содан кейін дәрі-дәрмекті науқасқа өткіземіз. Науқасқа дәрі-дәрмекті берген кезінде әр дәрі-дәрмекті сканерлейміз. Сол дәрі-дәрмек сол науқастың атында ғана болады.
Цифрлы таңбалау енгізілгеннен бері бес айдың ішінде бұл дәріхана 6096 адамға түрлі препарат беріпті. Соның 92%-і әлеуметтік әмиян арқылы алған. Облыстық ауруханада толық осы жүйеге көшкен. Дәрі-дәрмек келіп түскен бетте-ақ электронды базадағы деректер бойынша тексеріліп қабылданады.
Ольга Лапшина, облыстық аурухана дәріханасының меңгерушісі:
- Таңбаланған тауардың сапасына сенімдіміз. Бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды.
Одан әрі тапсырыс бойынша дәрілік заттар фармация бөлімшесіне түседі. Бұл жерде әр науқасқа дәрігердің рецепті бойынша медициналық препараттар дайындалады.
Камила Мусина, госпиталдық фармация бөлімшесінің меңгерушісі:
- Барлық ақпарат мынандай стикерлерге енгізіледі. Онда ем қабылдаушының аты-жөні, туған жылы, қай бөлімшеде жатқандығы, дәрігердің тағайындаған препараты және қабылдау уақыты жазылады.
Дарья Дербуш, медбике:
- Штрих код бойынша біз медбикелердің жеке кабинетіне кіреміз. Онда кімге, қашан, қандай препарат беру керектігі көрініп тұрады. Сол бойынша тиісті процедура жасаймыз. Соңында орындалғанын растайтын түймешекті басамыз.
Мамандардың пікірінше, дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалау қауіпсіздікті арттыруға және фармацевтика нарығында дәрі-дәрмек айналымын бақылауға мүмкіндік береді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров