Астана қалалық мәслихатының депутаты Сәуле Самидин америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің елордада өткен концертіне қатысты ойымен бөлісемін деп сынның астында қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялаған депутат Лопестің сахналық киімдерін "тым ашық" деп бағалады.
"Көпшілік Джей Лоның ашық киімдеріне назар аударды. Қызым да (жасы 16-да) бұл жайтқа мән беріп, ол Әмірліктерде өнер көрсеткенде жабық киінгенін айтып қалды. Біз Біріккен Араб Әмірліктері емеспіз, бағытымыз бөлек. Бірақ біздің де ұлттық ерекшелігіміз, менталитетіміз бар. Шетелдік әртістер кей кейіптерін жергілікті аудиторияға бейімдей алса, жақсы болар еді. Әрине, JLo өз стилімен танымал. Бірақ бастысы — жастар мұны әртүрлі қабылдай бастады. Бұл тыйым салу емес, ашық диалогқа себеп болуы керек", – деп жазды ол.
Депутаттың бұл пікірі желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды. Көпшілік халық қалаулысының назарын маңызды әлеуметтік мәселелерден гөрі, сахналық киімге аударғанына наразы болды.
"Сәуле ханым! Сіз 2023 жылдан бері мәслихат депутатысыз. Елде шешілмей жатқан қаншама маңызды мәселе бар – әйелдердің құқығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, алименттен жалтару, сыбайлас жемқорлық, жолдардың сапасыз жөнделуі. Осындай дүниелерге мән бермей, JLo-ның киіміне тоқталуыңыз – өкінішті", – деп жазды желідегілердің бірі.
Басқа пікір иелері Астананың өзінде шешімін таппаған әлеуметтік проблемаларға тоқталды.
"ЭКСПО маңында мемлекеттік балабақшалар жетіспейді. Бұл мәселені бірнеше рет айттық – сізден әлі үн жоқ", – деді бір тұрғын.
Тағы бір қолданушы депутаттың шынайы мүддесіне күмән келтіріп, былай деп жазды:
"Сәуле ханым, маңызды мәселелерге көңіл бөлсеңіз, жақсы болар еді. Ал Джей Лоға еліміздің экономикасына қаржы құйғаны үшін рахмет айту керек шығар".
Желі қолданушыларының көпшілігі Лопестің киіміне байланысты айтылған сынмен келіспейді. Олардың айтуынша, сахналық бейне – әртістің өнерінің бір бөлігі, әрі ол өзінің кәсібилігімен, тәртіпті өмір салтымен көрерменге шабыт береді.
"Сахна киімі этика шегінен аспады. JLo – еңбекқорлық пен дене шынықтырудың жарқын үлгісі", – деп жазды бір қолданушы.
"Ол қандай образбен шығатынын білдіңіз ғой. Менталитетке сілтеме жасап, батыс әртістерінің концертіне барып, артынан шағымдану – орынсыз. Ондай болса, жұмысқа барыңыз", – деген пікірлер де болды.