Жеке және заңды тұлғалар шыны ыдысты, қағазды, картонды, пластик қаптаманы және пленканы сатуға өтінім бере алатын "Жасыл даму" АҚ Ecoqolday мобильдік қосымшасы іске қосылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Экология министрлігінің хабарлауынша, аталмыш платформа қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу жүйесін ұйымдастыру мақсатында 2024 жылдың қыркүйегінде іске қосылған.
Бұл ретте Үкімет арнайы бағаны да белгілеп қойған:
- қағаз қалдықтарының 1 келісі — 45,61 теңге,
- шыны қаптаманың қалдықтары үшін — 57,25 теңге,
- полимерлі қаптама – 71,76 теңге,
- жеңіл/жүк шиналары – 53,08 теңге.
Өтінім беру процесі өте оңай:
- EcoQolday қосымшасына тіркеліңіз;
- қалдықтарды тапсыруға өтінім орналастырыңыз;
- жинаушылардан ұсыныстар алыңыз;
- келісім жасап, шикізатты өткізіңіз.
EcoQolday қосымшасы Google Play және iOS-та қолжетімді.
"Бұл платформа еліміздегі қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы жағдайды жақсартуға ықпал етеді, сондай-ақ Орталық Азия өңірінде баламасы жоқ. Қазіргі таңда 64 компаниямен, 38 жинаушымен, 17 қайта өңдеушімен және 9 толық циклді кәсіпорынмен келісімшарттар жасалды. EcoQolday қосымшасы іске қосылғаннан бері 23,4 мың тонна қалдық (қағаз – 18,0 мың тонна, шыны – 5,1 мың тонна, пластик – 0,3 мың тонна) қайта өңдеуге жіберілді", делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін Экология министрлігі сатуға шығарылған ақбөкен етінің сапасына күмән болмау керектігін айтқан болатын.