Одақтас елде 3 млрд теңгеден астам қаржыны "босқа желге ұшты" деп қынжылғандар табылды.

Сонымен, "көргенде де арманда, көрмеген де арманда" деген ауанда америкалық атақты әнші Дженнифер Лопестің Армениядағы концерті де дүркіреп өтті. Сахнада бір жарым сағаттай жарқыраған Джей Ло қысқасы, жанам деген жүрекке от берді, шабам деген жігітке ат берді.

Армян телеарналары, газет-журналдары енді тамсанған, тәнті болған репортажға толы. Дегенмен, "жұлдыздар" жүрген жердің жанжалсыз болуы сирек, бұл жолы да іс-шара дау-шардан ада болмады. Бірден айталық, олардың тікелей Джей Лоға қатысы жоқ. Әңгіме ұйымдастыруда.

Жаһандық той-думанды өткізуге қалталы инвесторларды тарта алған Қазақстаннан айырмашылығы, Армения Дженнифер Лопестің (түпнұсқада Jennifer Lopez) концертін өткізу үшін мемлекеттік бюджеттен 6 миллион доллар (шамамен 3,3 миллиард теңге) ел қаржысын бөлді. Бірақ солай екен деп, концерт тегін болмады.

Жалғыз ғана америкалық әншінің өнер көрсетуіне мемлекеттің осынша қаражатты шығындағанына оппозиция наразы болды. Әдеттегідей қарсылық білдіріп, көшені толтырмағанымен, тоң-торыс қалып, көңіл толмастығын көрсетті.

Сондай-ақ, Джей Лоның табынушы-фанаты болып табылмайтын немесе концертке билет тимей қалған көпшілік ғаламтор мен әлеуметтік желі арқылы сын садағын боратты. Олар бір қойылымды ұйымдастыру үшін осынша көп шығын шығарылғанын жақтырмады.

Бұған үн қосқан Арменияның бұрынғы Премьер-министрі Грант Багратян тіпті америкалық әншінінің концертін "Арменияның Конституциясын бұзды" деп айыптауға талаптанды.

"Дженнифер Лопестің концертіне кеткен бюджеттік шығыстар Конституцияға қайшы! Мемлекеттік қазынадан бір әншінің өнер көрсетуіне 6 миллион доллар бағытталған. Бұл ретте билеттер сатылды. Мұндай шаруашылық қызмет бюджеттік қаржыландыру қағидаларына сәйкес келмейді", – деді ол.

Бұған жауап ретінде Ереванның вице-мэрі Армен Памбукчян Лопеске жұмсалған кез келген шығын өзін-өзі ақтайтынын мәлімдеді.

Шенеуніктің есептеуінше, концертке шамамен 15 мың шетелдік келген. Туристердің әрқайсысы орта есеппен 500 доллар шығыс шығарады.

Соның ішінде қонақүйге түнеді, дәмхана-мейрамханалардан тамақтанды, такси, метро және басқа көліктерді пайдаланды, тауарлар, кәдесыйлар және басқасын сатып алды.

Осылайша, 15 мыңдай турист елде ең кемі 7,5 миллион доллар қалдырды. Олардың кейбірі Арменияға ғашық болып, Ереванмен шектелмей, өзге өңірлерін аралап, қыдыру үшін бірнеше күнге қалуы немесе кейін турист болып қайта оралуы мүмкін.

"Қорыта айтқанда, келген шетелдік қонақтардың саны мен олардың орташа шығыстарын назарға алсақ, біздің Үкіметтің Лопес концертіне 6 миллион доллар бөлуі толығымен ақталды. Оның үстіне беделді, атағы әлемге мәшһүр әншінің 6 жылдан кейінгі тұңғыш жаһандық турнесін Арменияға да арнауы біздің еліміздің танымалдылығын арттырады және Арменияның халықаралық беделіне оң әсер етеді", – деді Памбукчян.

Өз кезегінде Арменияның бұрынғы Үкімет басшысы Грант Багратян концертті ұйымдастырушылардың үстінен іс қозғауға шақырды.

Оның байламынша, мемлекеттік бюджеттен Дженнифер Лопес концертін өткізуге сонша көп қаржының бөлінуіне жол бермеу керек еді.

"Мемлекет кәсіпкерлік қызметпен айналыспауға тиіс. Өйткені бұл жемқорлық қаупін туғызады. Концертке билет тегін таратылмады, сатылды. Демек, ол ішінара өз шығынын өзі жапты. Онда қалған ақша қайда кетті? Ел қазынасы бүкіл халыққа тиесілі, ал, концертте азаматтардың тым шектеулі бөлігі қатыса алды", – деді экс-премьер.

Үкіметтің бұрынғы басшысы Бас прокуратура мен антикоррупциялық органды концертке бөлінген мемлекеттік бюджеттің игерілуіне тексеріс жүргізуге шақырды.

Ол сондай-ақ Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасянды жауапқа тартуды ұсынды.

Бұдан бөлек, бюджеттен парламент бекітпеген төлемдерді жүргізгені үшін қаржы министрі Ваге Ованнисянды тергеуге алуды талап етті.

Арменияның еңбек сіңірген әртісі Анна Маилян америкалық әншінің командасын тамақтандыруға 37 мың доллар жұмсалғанына таңданды.

"Сонда оның командасында кілең мешкейлер жиналған ба? Осынша ақшаға оларды қандай тағам түрлерімен тамақтандырған? Жатпланеталық жануардың етін алғызған ба? Жемқорлар пайдаланса керек. Бұл нағыз ұят! Мың сан рет ұят! (Тысячу раз позор)", – деді Маилян.

Арменияда Джей Ло Арменияға және оның халқына ғашық болғанын сахнадан қайта-қайта мойындаумен болды.

"Up All Night атты әлемдік туры аясында дүниежүзілік танымал эстрада әншісі Дженнифер Лопес алғаш рет Ереванда жеке концерт берді және тек жергілікті ғана емес, сондай-ақ шетелден ағылған мыңдаған табынушысына естен кетпес мереке сыйлады. Оның өнеріне тәнті жұрт 3 тамыздың кешінде Вазген Саркисян атындағы стадионға шұбырды. Поп-жұлдызға тік тұрып қошемет көрсеткен көрермендер онымен қосылып, ескі және жаңа хиттерін бірге орындады", – деп жазды "Арменпресс" ақпарат агенттігі.

Оның мәліметінше, америкалық әнші Арменияға келіп, елді көргеніне, жергілікті табынушыларымен алғаш рет кездескеніне қатты қуанышты екенін мәлімдеді.

Журналистердің жазуынша, концертті бастар алдында Джей Ло көрермендерге тамаша кеш сыйлауға сөз берді және бұл уәдесін толық орындады.

Арменияда Дженифер Лопес On the Floor, Let’s Get Loud, Waiting For Tonight, Get Right, I’m Real және басқа танымал әндерін жаңа интерпретацияда және өзгеше аранжировкада орындады.

Жергілікті ақпарат құралдары әншінің көрермендерін таусылмас қуат-жігерімен қуантқанына, сондай-ақ көздің жауын алар сәнді костюмдерімен, күміс көмей әншілік, мың бұралған бишілік шеберлігімен таңғалдырғанына назар аудартты.

Бұл істе оған өзіне ере келген, жүз шақты адамнан тұратын труппасы, жоғары білікті музыканттары мен бишілер тобы көмектесті.

Айтпақшы, биылғы 24 шілдеде Дженнифер Лопес 56 жасқа толды. Сондықтан еревандық қойылымы барысында да ол өзінің Birthday әнін орындады және концерт кезінде бірнеше рет туған күн тойлауды жақсы көретінін қайталаған.

Сонымен бірге, жалғызбасты Джей Ло өзін ардақтайтын және әрдайым қасынан табылатын фанаттары мен көрермендерге деген махаббаты туралы жалықпай айтумен болды. "Free" хитін орындамас бұрын Лопес еревандық ғажайып кеш мәңгілік жадында қалатынын мәлім етті.

Концертті аяқтап, сахнадан кетпес бұрын Дженнифер Лопес төмен түсіп, гүл шоқтарын қабылдады, табынушыларымен емен-жарқын араласып, суретке түсті және бұл концертті олар үшін мәңгі есте қалдырды.

Еревандық концертті ұйымдастырған "Doping Space" компаниясының мәліметінше, Дженифер Лопестің концертіне шетелден 15 000 адам келген. Нәтижесінде, еревандық қонақүйлер лық толды.

Салдарынан, орын жетпей қалған кейбір қонақтарға 52 шақырым жердегі Цахкадзор қаласындағы, Севан шаһарындағы қонақүйлерге орналасуға тура келген.