Петропавлдағы Оқушылар сарайы – қаладағы айтулы білім мен мәдениет ошағы. Онда оқушы балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.
2018 жылы Қазақстан мен Ресейдің шекаралық өңірлері ынтымақтастығының кезекті саммиті Қызылжар қаласында өтетін болып, оған келетін мәртебелі қонақтарға арналған жиын өткізуге осы ғимарат тұрғызылған еді. Саммиттен кейін ғимарат Оқушылар сарайына айналды. Оны осы күннің сәнімен ағылшын тілінде Digital Urpaq (болашақ ұрпақ немесе сөзбе-сөз «сандық» ұрпақ) деп те атайды.
Қазір бұл орынды оқушылардың ІТ-технологияны игерудегі авангард орталығы деуге толық негіз бар. Мұнда жобалық зерттеулерге, ғылыми-техникалық шығармашылыққа басымдық беріледі. Талапты оқушы балаларға айналысатын дүниелер жетерлік. Жұмыс бағыттары қатарында ІТ технологиядан басқа ғылыми-биологиялық, көркем-эстетикалық, көркем мектеп, бизнес мектебі, журналистика және медиатехнология, дебат клубы және КВН бар. «Біз мектепте берілген оқу-білімді орнықтыруға көмек береміз. Қосымша білім болашақ мамандық таңдауға да жол ашады. Осындай орталық ашып берген жергілікті билікке әрқашан ризашылығымызды білдіреміз», дейді орталық директоры Дина Әбілмәжінова.
Биылғы жазғы демалыс айлары басталғалы бері мұнда 2 мыңдай оқушы «жазғы академияға» қатысты. Алты түрлі маусымнан тұратын оның тақырыптары да әртүрлі. Қазір «МІХ» атты төртінші маусым өтіп жатыр. Соның ішінде «Эльдорадоға сапар» атты тілдік квест деген тақырып балаларды қызықтыра түскен. Мұнда балалар қазақ және ағылшын тілдері бойынша ғылым мен шығармашылыққа тәрбиеленеді. «Біз квесті толығымен ағылшын және қазақ тілінде өткіземіз. Ұстаз балаларға ағылшын тілінде тапсырмалар мен жұмбақтар айтады. Балалар жауабын тек ағылшын немесе қазақ тілінде береді. Кейде қателесіп қалса жанындағы балалардан сұрап, бәрі де тез әрі дұрыс жауап беруге тырысып, таласып, айтысып та жатады», дейді директордың ІТ жөніндегі орынбасары Дамир Мұстафин.
Осының өзі балалардың қазақ және ағылшын тілінің лексикасын игеруіне көмектеседі екен. Оқушылар сабақтан шыққан соң да бір-бірімен қазақ және ағылшын тілінде айтысып бара жататын көрінеді. Сайып келгенде, жастардың мемлекеттік және халықаралық тілді еркін игеруіне осындай пікірсайыстың пайдасы зор.
ПЕТРОПАВЛ