Енді мораторий жариялау ісі құрылыс компанияларын тығырыққа тіреуі мүмкін.
Бұдан былай Алматының таулы аймақтарында биік-биік баспаналар салуға тыйым салынады. Одан бөлек, тар жерге алып кешендер тұрғызуға да болмайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Президент қала әкіміне мұндай құрылыстарға мораторий енгізуді тапсырды. Алайда бұл шектеу кейбір нысандарға әсер етпейді екен.
Шектеуден тек әлеуметтік маңызы бар және туристік нысандар ғана босатылып отыр. Бірақ олардың өзі қаланың бас жоспарында болуға тиіс.
Сонымен қатар президент қала әкіміне мегаполистің бас жоспарына табиғи ортаны қорғауды күшейтетін, жүйелі дамуға және таудағы құрылысты тоқтатуға арналған өзгерістерді дереу енгізуді міндеттеді. Негізі биік жерге биік үйлер салуға қатысты тыйым бұған дейін де болған. Енді мораторий жариялау ісі, сарапшы пікірінше, құрылыс компанияларын тығырыққа тіреуі мүмкін.
"Бұл шектеуге дейін, тіпті бас жоспар бекітілмей тұрып рұқсатын алған, заңды түрде құрылысы басталып қойған нысандарға да назар аудару керек. Себебі инвесторлар ол жобаларға қомақты қаражат құйды. Мораторий деп бір жақтың құқығын таптауға болмайды", – деді ҚР құрылысшылар қауымдастығы президентінің орынбасары Виктория Тен.
Әкімдік шектеудің шекарасын әзірге мәлім етпеді. Бірақ былтыр мәслихат шешімімен Алматыдағы Абай мен әл-Фараби даңғылының арасында тоғыз қабаттан және 35 метрден жоғары ғимарат соғуға, ал Шығыс айналма жолы мен әл-Фараби, Саин мен Жандосов даңғылдарында үш қабаттан және 12 метрден асыруға тыйым салынған еді.
Жалпы бұған дейін жарияланған тыйымдарда таулы етектер жолағында, соның ішінде еңісі 15 градустан асатын алаңдарда ғимарат тұрғызуға мүлдем болмайтыны айтылды. Ал енді президент тапсырған мораторий қай күні басталатыны әзірге белгісіз.