Жамбыл облысында 5 тамыз күні сот жергілікті тұрғынды есірткі заттарын қамтитын өсімдіктерді ірі көлемде заңсыз өсіргені және сақтағаны үшін 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Талас аудандық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың көктемінде аудан тұрғыны үй іргесіндегі жерінен есірткі затын қамтитын өсімдіктерді тауып алып, оларды баптаған, кейін жинатып алып, кептіру үшін қорада сақтаған.

"Тінту барысында айыпталушының ауласынан, шатырынан және қора артынан жалпы салмағы 1,7 келіден асатын 24 түп өсімдік тәркіленді", — деп хабарлады сот.

Ер адамның кінәсін тінту хаттамасы, куәгерлердің айғақтары және сараптама қорытындысы дәлелдеді. Прокурор оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Сот айыпталушының кінәсін толық мойындауын және оның кәмелетке толмаған мүгедек қызының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, ауырлататын жағдайлар анықталмағандықтан, 3 жылға шартты жаза тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.