Атышулы Амантай қажы екі жылға сотталуы мүмкін. Алматылық полицейлер зейнеткер әйелді баспалдақтан қасақана итеріп жіберген деген күдікпен қажыға қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
"Бұл дерек бойынша Алмалы ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазақстан қылмыстық кодексі 107-бабының нормалары бойынша. Алған жарақатының деңгейі қаншалықты ауыр екенін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Содан кейін қылмыстық іс аясында тиісті процессуалдық шешім шығарылады", — дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
83 жастағы күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни шамамен 4 миллион теңге айыппұл арқалайды.
Еске салайық, бұған дейін алматылық әйел Амантай қажының өзін баспалдақтан итеріп жібергені туралы мәлімдеген. Салдарынан зейнеткердің жамбас сүйегі сынып, оған төрт сағат бойы ота жасалған.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз