Біріккен Ұлттар Ұйымының Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының өкілі Йенс Лерке Газа секторындағы жағдайдың аса ауыр екенін айтып, миллиондаған адамды құтқару үшін күн сайын жүздеген гуманитарлық көлік жіберілуі керек екенін мәлімдеді
Бұл туралы ол Женевадағы БҰҰ бөлімшесінде өткен апта сайынғы баспасөз мәслихатында айтты, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
— Газада ең қажетті заттардың өзі қатты жетіспейді, адамдар күн сайын аштықтан өліп жатыр. Бұл – бұрын-соңды болмаған апат. Күн сайын жүздеген жүк көлігі қажет. Апталар емес – айлар, бәлкім жылдар бойы. Біз ашаршылық шегіне жеттік. Бұл жағдай бір түнде шешілмейді, — деді Лерке.
Гуманитарлық көмек жеткіліксіз
Леркенің айтуынша, соңғы уақытта жеткізілген азғантай гуманитарлық көмекті атап өтуге еш негіз жоқ.
— Бұл мақтауға тұрмайды. Бізде мыңдаған тонна гуманитарлық жүк бар, оның ішінде донорлар қаржыландырған азық-түлік те бар, ол Газа шекарасында күтіп тұр. Бұл заттар тегін түрде мұқтаж жандарға жеткізілуі тиіс. Бұл – біздің міндетіміз. Бірақ бізге қажетті жағдай да, қолдау да жасалмай отыр, — деді ол.
Сонымен қатар Лерке тек гуманитарлық жүкпен шектелуге болмайтынын, Газаға коммерциялық тауарлардың да кіруіне мүмкіндік берілуі тиіс екенін атап өтті.
Блокада, ашаршылық және өлім
Газа секторы Израильдің қатаң блокадасында және күнделікті әскери шабуылдар астында қалды. Азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмек пен гигиеналық құралдар жетіспейді. Балалар арасындағы өлім-жітім күн сайын өсіп жатыр.
Жергілікті және халықаралық дереккөздер Израильдің аштық пен шөлді қару ретінде әдейі пайдаланып отырғанын хабарлайды. Сонымен бірге Газа аумағының 88%-ы жойылған деп бағаланып отыр.
Израиль әскері босқындардың уақытша тұрып жатқан жерлерін — шатырлы лагерлер, мектептер және өзге де азаматтық нысандарды атқылауды жалғастыруда. Адамдар үйлерін бірнеше рет тастап, антисанитарлық жағдайда өмір сүріп жатыр. Мұндай ортада жұқпалы аурулар кеңінен таралуда.
Қайғылы статистика
2023 жылдың 7 қазанынан бері Израильдің әскери шабуылдары салдарынан Газада:
кемінде 60 933 палестиналық қаза тапты,
150 027 адам жарақат алды,
2,3 миллион тұрғынның ішінен 2 миллионнан астамы босқынға айналды.