Қылмысты шетел азаматтары ұйымдастырған.

Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаментінің және Алматы облысының полиция департаментінің қызметкерлері ауқымды операция барысында елімізге заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың жолын кесті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қаскөйлер Қазақстан Республикасының аумағына шетел азаматтарын заңсыз кіргізу, транзитпен өткізу және заңдастырумен айналысқан.

Топ мүшелері бұл "қызметі" үшін әрбір мигранттан 150 мыңнан 700 мың теңгеге дейін сыйақы алып отырған.

Арнайы іс-шаралар барысында ұсталғандардан ондаған шетелдік төлқұжаттар, медициналық сақтандырулар, жалған құжаттар, сондай-ақ есірткі заттары мен діни әдебиеттер тәркіленді.

Қылмыстық топтың барлық мүшелері ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша заңсыз көші-қонды ұйымдастыру, алаяқтық және есірткі құралдарын заңсыз сақтауға қатысты алты қылмыстық іс қозғалды.

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.