Алматы облысында ауқымды операция барысында елімізге заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың жолы кеcілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, заңсыз арнаны шетел азаматтары ұйымдастырған.
Олар Қазақстан аумағына шетел азаматтарын заңсыз кіргізу, транзитпен өткізу және заңдастырумен айналысқан деген күдікпен ұсталды. Топ мүшелері бұл "қызметтері" үшін әр мигранттан 150 мыңнан 700 мың теңгеге дейін сыйақы алып отырған.
Арнайы іс-шаралар барысында ұсталғандардан ондаған шетелдік төлқұжат, медициналық сақтандыру, жалған құжаттар, сондай-ақ есірткі заттары мен діни әдебиеттер тәркіленді.
Қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша заңсыз көші-қонды ұйымдастыру, алаяқтық және есірткі құралдарын заңсыз сақтауға қатысты 6 қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
ІІМ өкілдері заңсыз көші-қонның кез келген түрі мен ұйымдасқан сызбалар әшкереленіп, қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті. Барлық кінәлі заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылады деп сендірді ведомстводағылар.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз