Видеоны елордалық донер сататын орын Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған.
Кадрларда мекеме кіреберісінде тірі түйеқұс тұрғаны көрінеді. Түйеқұс өтіп бара жатқан адамдардың назарын өзіне аударған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Астана полиция департаменті бұл жағдайға байланысты әлеуметтік желілерде шағым түскеннен кейін тексеріс жүргізгенін мәлімдеді.
"Тексеру барысында жануарға қатыгездік таныту фактілері анықталған жоқ. Түйеқұсты көлікке салу үшін мойнынан ұстаған. Құс мекемеге жарнама мақсатында әкелінген", – деп хабарлады полиция.
Мекеме иесіне ескерту жасалып, жануарларды мұндай мақсатта пайдалану кезінде тиісті ережелерді сақтау қажет екені туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция мәліметінше, түйеқұс Сарыағаштан әкелінген. Қазір ол Қоянды ауылындағы фермада. Құстың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.