Өскеменде ішімдік ішіп, жанжал шығарып, төбелескен екі азамат сот шешімі бойынша қала көшелерін тазалайды. Оларға 300 сағат қоғамдық жұмыс және пробация қызметінің бақылауында болу жазасы тағайындалды.

2025 жылдың 6 тамызында ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі берген ақпаратқа сай, оқиғалардың бірі мереке күндері болды. Яғни қонақта отырған ер адам жанжалды тоқтатудың орнына, досының басынан бөтелкемен ұрған. Бұл әрекеті үшін ол 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылып, алкоголизмнен міндетті емделуге жіберілді.

Екінші жағдай тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты. Азаматтық некедегі әйеліне қол жұмсаған ер адам, әйелдің полицияға уақтылы хабарлауымен ұсталды. Ол 100 сағат қоғамдық жұмысқа жіберілді. Әйелі оның түзелуге ұмтылып жатқанын айтып, соттың берген мүмкіндігіне ризашылық білдірді. Қоғамдық жұмыс аяқталғаннан кейін ол жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.

"Қоғамдық жұмыс – бұл тек жаза ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайда әкеліп, заңға бағынудың жаңа мүмкіндігі. Пробация қызметі сотталғандармен үнемі жұмыс істейді, олардың жұмыс кестесін бақылап, қиын жағдайдан шығуға көмектеседі". ШҚО ҚАЖД пробация қызметінің бөлім бастығы міндетін атқарушы Ернар Ильяшев

Сотталғандар тұрғын үй аумақтарындағы қоқыстарды жинап, жол бойындағы арамшөптерді қолмен жұлып жүр. Солардың бірі бұрын сыпырушы болып істегенін және ауданның әр бұрышын жақсы білетінін атап өтті.

Қоғамдық жұмыс күнделікті 4 сағаттан орындалады. Алайда бұл – жай ғана жаза емес, заңға бағынудың сынағы екенін түсіну маңызды.

Егер сотталғандар жұмыс кестесін бұзса немесе келмесе, олардың жазасы қатайып, түрме мерзіміне дейін артуы мүмкін.

Соттың үкімі толық көлемде орындалуы керек және оның сақталуы пробация қызметінің қатаң бақылауында. Бұл – есепте тұрғандар үшін түрмеден құтылып, қалыпты өмірге оралудың соңғы мүмкіндігі.