Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот процесі жүріп жатыр. Сот отырысында айыпталушы Ернар Жиембайдан жауап алынды, деп хабарлайды Kazinform.
Агенттік тілшісінің хабарлауынша, айыпталушы Ернар Жиембай сотта берген жауабында кінәсін мойындағанымен, адам өлтіру ниеті болмағанын жеткізді. Айыпталушының айтуынша, әрекеті тек қорқыту мақсатында жасалған.
"Ол кезде мен күйзеліс пен қатты стресс жағдайында болдым. Берденов бірнеше рет мені қорлап, "ақымақ" деп атап, балағат сөздер айтатын. Өз еркіммен жұмыстан кетуімді талап етті. Келіспеген жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартатынын айтып, қорқытты", — деді Ернар Жиембай сотта.
Сондай-ақ айыпталушы олардың әйелдері бір-бірімен таныс болғанын айтты. Айыпталушының сөзінше, бірде Берденов Жиембайдың жұбайы жайлы: "әдемі екен, бірақ мені қызықтырмайды" деген. Осыдан кейін, айыпталушының сөзіне қарағанда, Берденов Instagram желісінде оның жұбайының бірнеше фотосына "лүпіл" басқан.
Мемлекеттік айыптаушының: "егер 10-нан астам рет жұмыстан кетуге мәжбүрлеу түрінде қысым көрген болсаңыз, неге тиісті органдарға арызданбадыңыз?" деген сұрағына Жиембай жауап бере алмады.
Ол оқиға болған күні Берденовке "Мен кінәсіз болсам да, кінәлі болып тұрмын" деп айту үшін келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ол Берденовті қарумен тура көздемеген, тек қорқыту мақсатында төрт рет оқ атқан.
Сондай-ақ айыпталушы оқ атқан күні мас болмағанын, алкоголь тұтынбағанын айтты. Оның айтуынша, тергеу кезінде басқа мәліметтерді қысыммен берген — яғни, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтып қорқытқан.
Бұдан бөлек Жиембай алдын ала тергеу кезінде біреулер өзінен қастандықты ұйымдастыру туралы тапсырысты Шымкент әкімі берген деген нұсқаны айтуын сұрағанын жеткізді. Айыпталушының айтуынша, Берденов мұның есесіне "бәрін реттеп беремін" деп уәде еткен.
Ал сот отырысынан кейін Берденовтің ресми өкілі мәлімдеме жасап, Жиембайға оның сенім білдірушісі атынан ешкім жүгінбегенін айтты. Оның сөзінше, Берденовтің мүддесін білдіруге құқығы бар жалғыз адам — өзі ғана.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз