ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік тұрғыдан осал және жұмыссыз азаматтардың медициналық сақтандыру жарналары жергілікті бюджеттен төленетін болады.

Бұл қадам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысушылар санын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы МӘМС жүйесін жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ләззат Шоманова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, бүгінде шамамен 16,7 миллион қазақстандық сақтандырылған, бұл – халықтың 82,3 пайызы. Соның ішінде 12,1 миллион адам (72,5%) жеңілдік санатындағы азаматтарға жатады. Ал сақтандырылмаған 3,3 миллион адамның 2,4 миллионының өмір сүру деңгейі қанағаттанарлық немесе жақсы болса, шамамен 1 миллион адам – табысы төмен, отбасылық негізгі қажеттіліктерін әрең өтейтін, яғни дағдарыс және төтенше әлеуметтік жағдайдағы азаматтар.

Жаңа заңға сәйкес, дәл осы соңғы санаттағы азаматтар медициналық көмекке жүгінген кезде олардың МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейді. Бұл халықаралық тәжірибеге сай қадам болып, осал топтардың қажетті медициналық қызметтерге қол жеткізуіне жол ашады.

Сондай-ақ, ресми тіркелген жұмыссыздардың да сақтандыру жарналарын жергілікті органдар өз есебінен төлейтін болады.
Жоспар бойынша, осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылға қарай шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен толық қамтылмақ.