Қазақстанда алдағы бейсенбіде, 2025 жылы 7 тамызда аптап ыстық қайта оралып, сынап бағаны 41 градусқа дейін жететіні, сондай-ақ кей өңірде найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін екені болжанады. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК-ның мамандары айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Болжамға сәйкес, күндіз аптап ыстық мына өңірлерде күтіледі:

  • Маңғыстау облысында: +38...+40°C дейін,
  • Атырау облысында: +35...+38°C дейін,
  • Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында: +35...+37°C дейін,
  • Алматы облысының батысында, солтүстігінде: +35°C дейін,
  • Атырау облысының оңтүстігінде: +41°C дейін.
"Қазақстан аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады, күндіз еліміздің солтүстігінде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түседі, дауыл тұрады. Тек еліміздің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республикамыз бойынша жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл тұрады, түнде және таңертең еліміздің солтүстігінде, шығысында тұман болады". "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі

Сондай-ақ, тағы мынандай табиғи қауіпті құбылыстар күтіледі:

  • жоғары өрт қаупі: Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстігінде, орталығында, Атырау облысының оңтүстігінде, батысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында,
  • төтенше өрт қаупі: Түркістан, Маңғыстау облыстарында, Алматы облысының батысында, солтүстігінде, шығысында, Қызылорда өңірінің оңтүстігінде, Жамбыл облысының солтүстігінде, батысында, шығысында, Атырау облысының солтүстігінде, шығысында, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстарының оңтүстігінде, Ұлытау облысында, Абай облыстың оңтүстігінде, орталығында, Батыс Қазақстан облысының оңтүстік- шығысында.

Бұған дейін синоптиктер еліміздің үш ірі қаласы бойынша алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамымен бөліскен болатын.