Түркияның Стамбул қаласы Айя-София мешітінде өрт қоюға әрекет жасаған жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты РИА Новости басылымына сілтеме жасап.
Ekol TV телеарнасының хабарлауынша, белгісіз ер адам мешіт ішіндегі үстелдің жанында тұрған қағаздарды тұтандырған. Оқиға намаздан кейін болған. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрларда оның қызыл бас киім кигені көрінеді.
Өртті дер кезінде байқаған мешіт ішіндегі әйел имамға хабар берген. Имам кілемді көтеріп, жалынды өзі өшірген. Абырой болғанда, өрттің мешіт ішіне таралуының алдын алу мүмкін болды.
Көп ұзамай полицейлер күдікті ретінде Месут Гючліні ұстады. Ekol TV дерегінше, ол бұған дейін Стамбұлдың Бакиркөй ауданындағы психиатриялық клиникада ем қабылдаған. Қазіргі таңда соттың шешімімен Гючлі қамауға алынды.