"Қайрат" Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде "Слованнан" басым түсті

Ойын басталысымен-ақ "Қайрат" алға ұмтылып, бірнеше қауіпті сәттер жасады. Алайда "Слованның" қақпашысы сенімді ойнап, өз командасын құтқарып қалды. Кейінірек словакиялық клуб алаң иелерінің бастапқы қарқынын тежеп, ойын бірқалыпты арнаға түсті.

15-минутта бұған дейін "Қайсар" мен "Астанада" ойнаған "Слованның" жартылай қорғаушысы Тигран Барсегян қарсыласын итеріп, сары қағаз алды. Одан кейін он минут өткен соң дәл осындай ескерту "Қайраттың" ойыншысы Еркін Тапаловқа да орталық алаңдағы фолы үшін көрсетілді.

Алайда бұл ескертулер футболшыларға сабақ болмады. 65-минутта "Слованның" жартылай қорғаушысы Рахим Ибрахим 15 минут ішінде екі рет "Қайраттың" ойыншыларына қарсы ереже бұзып, екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Ол енді қарымта кездесуге қатыса алмайды.

"Қайрат" бұл артықшылықты тиімді пайдаланды. 16 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаев төреші белгілеген пенальтиді 90-минутта сәтті орындап, өз командасына жеңіс сыйлады.

Финалдық ысқырыққа дейін "Қайраттың" алаңға ауысып кірген шабуылшысы Рикардиньо да көзге түсті. Алайда оның соққан голы офсайд деп есепке алынбады. Осылайша, матч 1:0 есебімен аяқталды.

Еурокубоктардың іріктеу кезеңінде барлығы төрт раунд бар. Екі команда да кем дегенде күзде өтетін Конференциялар лигасының топтық кезеңіне жолдама алып қойды.

"Қайрат" пен "Слован" жұбының жеңімпазы Чемпиондар лигасының плей-офф раундында Шотландияның "Селтик" клубымен кездеседі.

Ал жеңілген команда Еуропа лигасына түсіп, плей-офф кезеңінде Швейцарияның "Янг Бойз" клубымен ойнайды.

Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде "Қайрат" Словенияның "Олимпиясын" (1:1, 2:0), ал екінші раундта Финляндияның КуПС командасын (0:2, 3:0) жеңген болатын. "Слован" іріктеуді екінші айналымнан бастап, босниялық "Зриньскиді" (4:0, 2:2) жеңді.

Айта кетейік, қарымта матч 12 тамыз күні Братиславада өтеді.