Сот шешімімен компания 1,1 млн теңге төлеуге міндеттелді.

Жаңаөзен қаласында құрылыс компаниясы қажетті рұқсаттар мен кепілдіктерсіз тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сату жөнінде жарнама жасаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жаңаөзен қалалық соты аталған компания бірыңғай оператордан кепілдік алмағанын, үлескерлердің қаражатын тартуға жергілікті атқарушы органнан рұқсат алмағанын және екінші деңгейлі банкпен келісім жасамағанын хабарлады.

Осыған қарамастан, интернетте көрсетілген тұрғын үй кешені бойынша пәтер сату туралы жарнама тараған. Аталған қадам "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңға қайшы.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 320-бабының 1-бөлігіне сәйкес, үлестік құрылыс саласында шынайы емес ақпаратты тарату үшін заңды тұлғаларға 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.

"Сот құрылыс салушыны ӘҚБтК-нің 320-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 1,1 млн теңге көлемінде айыппұл салды", – деп хабарлады Маңғыстау облысының соты.

Қаулы заңды күшіне енді.