Құрылғы тәркіленіп, тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Алматы қаласында Алматы ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҚР ІІМ және Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптестерімен бірлесіп арнайы іс-шара жүргізіп, интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылған SIM-box құрылғысын анықтады және тәркіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс-шара нәтижесінде интернет-трафикті заңсыз бағыттау мақсатында жаппай сим-карталарды пайдалану арқылы қылмыстық тізбекті ұйымдастырған жас жігіт ұсталды.

Тергеу деректері бойынша, ол жабық интернет-қоғамдастықтан нұсқаулар алып, криптовалюта түрінде ақы алып отырған.

– Sim-box құрылғыларын пайдалану алаяқтар жиі қолданатын техникалық әдістердің бірі. Бұл құрылғылар нөмірді жасыруға, қоңырауларды бұрмалауға және фишингтік хабарламаларды жаппай таратуға мүмкіндік береді. Мұндай әрекеттер азаматтарды шатастырып, қаскөйлер, өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді алдап алуға жағдай жасайды. Осындай алаяқтық тізбектердің жолын кесу – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі, – деді Алматы қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев.

Жедел-іздестіру шаралары аясында бұл қылмыстық тізбекке қатысы бар басқа адамдарды анықтау және осыған ұқсас деректерді әшкерелеу жұмыстары жалғасып жатыр.