Сары құрлық бәсекесінде 24 қазақстандық каратэші ел намысын қорғауда.

2025 жылғы каратэден Азия чемпионаты 23–25 мамыр аралығында Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатыр. Бұл Азия каратэ федерациясының (AKF) ұйымдастыруымен өтіп жатқан 21-ші құрлықтық біріншілік. Биылғы жарыс паракаратэ бойынша 4-ші Азия чемпионатымен бірге ұйымдастырылуда.

Құрлықтық додаға 29 елден 421 спортшы қатысуда. Қазақстан намысын 24 спортшы — 12 ер және 12 әйел каратэші қорғауда.

Айта кетейік, жарыс Ташкенттің ең заманауи спорт нысандарының бірі — "Хумо Аренада" өтуде.

Чемпионаттың алғашқы күндерінен-ақ Қазақстан құрамасы сенімді өнер көрсетіп келеді. Әсіресе, ұлттық команданың көшбасшысы Софья Берульцева жартылай финалда жарқын жеңіске жетіп, көрермендерді тәнті етті. 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Софья өзбекстандық қарсыласын жекпе-жектің соңғы секундтарында көз ілеспес аяқпен ұрып, финалға жолдама алды.

Ал, каратэден Қазақстан құрамасының көшбасшысы Мөлдір Жаңбырбай Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды.

Мөлдір финалға апарар жолда жапониялық Айка Окадзакиден жеңіліп қалды. Алайда үшінші орын үшін өткен жекпе-жекте малайзиялық Чандран Шахмалараниден басым түсті. Осылайша Мөлдір Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.