Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар жалғасуда.
Қалалық полиция департаменті мен әкімдік бірлесіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Алматы қаласы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаевтың айтуынша, ерекше назар қозғалыс қарқыны жоғары аумақтарға және білім беру мекемелерінің маңындағы көшелерге аударылуда.
"Жаңа оқу жылы басталғанға дейін көше-жол желісі қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуі үшін жан-жақты жұмыс атқарылуда. Қазіргі уақытта тротуарлар абаттандырылып, жол белгілері жаңартылуда, жол таңбалары сызылып жатыр. Жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша 200 мың шаршы метрден астам жол таңбасы сызылып, екі мыңнан астам жаңа жол белгісі орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады", — деді Асхат Құлбаев.
Орташа жөндеу жұмыстары аясында жүздеген көшеде, соның ішінде негізгі магистральдарда жол жамылғысы жаңартылуда. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне басымдық беріліп, бірқатар аумақта қауіпсіздік аралшалары (островоктар) орнатылды.
Сонымен қатар мектептерге жақын орналасқан жаяу жүргіншілер өткелдерін жетілдіру шаралары да қолға алынған. Қазіргі таңда қалада жаңа бағдаршам нысандарын орнату және реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдерін жабдықтау жобалары дайындалды.
Олардың бірқатары тиісті сараптамалық қорытындылардан өтті. Алматы қалалық полиция департаменті жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Департамент басшылығының ерекше бақылауындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.