2025 жылғы 7 тамызда Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлерінің тізімін жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Конкурс қорытындысы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы 99% игерілді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, биыл "Серпін" жобасы халық тығыз орналасқан өңірлердің жастары арасында үлкен қызығушылық тудырған.
Конкурс нәтижесінде 2 мыңнан астам грант иегері еліміздің солтүстік, шығыс және орталық аймақтарындағы жетекші жоғары оқу орындарына оқуға аттанады.
"2025 жылғы мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 113 мыңға жуық өтініш қабылданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға көп." Саясат Нұрбек
Сондай-ақ гранттарды бөлу кезінде әлеуметтік осал топтарға жататын балалар үшін заңнамада белгіленген квоталар сақталады.
Дарынды жастарды қолдау мақсатында конкурссыз берілетін гранттар қарастырылған, олар – халықаралық олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары.
Бұдан бөлек, министрлік жоғары білімге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған қосымша тетіктерді енгізді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 5 жасар балаға есепшот ашу кезінде бастапқы білім беру капиталын төлеуді көздейтін "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар бұл жүйе барлық салымшыларға мемлекеттік сыйақы мен екінші деңгейлі банктер мен сақтандыру компанияларының сыйақысын төлеуді қарастырады. "Келешек" жүйесі бойынша жиналған қаражатты "Ұлттық қор – балаларға" жобасының қаражатымен біріктіруге болады.
2024 жылы алғаш рет оқуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін жабатын сараланған гранттар тағайындалды, қалған соманы иегерлер өз қаражаттары есебінен немесе жеңілдетілген оқу несиесі арқылы төлей алады. 2025 жылы сараланған гранттар саны 300 грантты құрайды. Сараланған гранттар бойынша конкурс осы жылдың қыркүйек айында өтеді.
Алғаш рет мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан азаматтар үшін 2 010 білім беру гранты бөлінді. Бұл шара әскери қызметін өтеп болған соң әскери қызметшілердің әлеуметтік бейімделуін қолдауға және жоғары білім алуға тең мүмкіндік беру мақсатында қолға алынды.
Грант нәтижелерін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми ақпараттық көздерінен, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтынан www.testcenter.kz білуге болады.
Мемлекеттік білім беру гранты туралы куәлік үш жұмыс күні ішінде ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қолжетімді болады.
Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін (қоса алғанда) жүзеге асырылады.