2025 жылдың басынан бері 267,2 мың қазақстандық Skills Enbek онлайн-платформасында кәсіптік білім алып, сертификатқа ие болды.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, оқудан өткендердің қатарында 45,2 мыңға жуық жұмыссыз азамат бар. Олардың шамамен 12,4 мыңы Түркістан, Қызылорда, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласынан шыққан.
Жалпы, платформа іске қосылғалы бері 809,8 мың адам тіркелсе, соның 311,1 мыңы биыл қосылған. Осы кезеңде 678,1 мың азамат түрлі курстан өткен.
Skills Enbek платформасында әртүрлі бағыттағы 1 000-нан астам онлайн курс жарияланған. Соның ішінде 340 курс – тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін. Сонымен қатар, Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан сияқты серіктес платформалардан да білім алуға болады.
Шілде айында ең көп сұранысқа ие болған курстар қатарында «Электрондық еңбек биржасын» пайдалану, кассир, сақтандыру агенті, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмекші болу және қонақ үйде сату бөлімін құру бойынша курстар аталды.
Платформа «өмір бойы оқыту» қағидатына негізделіп, азаматтардың кәсіби дамуына және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді. Қолданушылар оқуды өзіне ыңғайлы қарқында, тілде және форматта жүргізе алады.
Курсты аяқтағаннан кейін қатысушы 70 пайыздық шектік деңгеймен тест тапсырып, бағалау жүргізуі тиіс. Сәтті аяқталған курс үшін берілетін сертификат Enbek.kz жүйесіндегі түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Сондай-ақ, игерілген дағдыларға сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылады.
Онлайн курстарды авторлар тегін орналастыра алады. Курстар мәтін, презентация, бейне, инфографика және аудиоматериалдар түрінде дайындалады. Арнайы қажеттіліктері бар азаматтарға арналған интерфейс те қарастырылған.