Бұл медаль каратеден Қазақстан тарихындағы Дүниежүзілік ойындардағы екінші жүлде. Бұған дейін, 2022 жылы АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен ойындарда Софья Берульцева алтын медаль жеңіп алған еді.
Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан XII Дүниежүзілік ойындарында Қазақстан құрамасы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Каратеден 50 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Мөлдір Жаңбырбай финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленді.
Финалда отандасымыз ирандық Сара Бахманиермен кездесіп, негізгі уақыт 0:0 есебімен аяқталды. Алайда төрешілер шешімі бойынша жеңіс қарсыласқа берілді.
Мөлдір жарыс барысында бірнеше мықты қарсыласынан басым түсті. Атап айтқанда алжирлік Силия Уикенді 4:0, венесуэлалық Йоргелис Салазарды 3:0 есебімен ұтты. Қытайлық Жунхуй Вангқа 0:1 есебімен есе жіберді. Жартылай финалда хорватиялық Ема Сгарделлиден 3:2 есебімен басым түсті.