Боксшы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның екі дүркін чемпионы Абылайхан Жүсіпов отандық боксшылардың болашағына қатысты өз ойымен бөлісті. Бұл туралы ол “Бірінші бол” You Tube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

“Спортшыларға кілтін табыстап, бірақ үйді бермеген жағдайлар көп болды ғой. Негізі заң тұрғысынан пәтерді бере алмайды ғой. Мұндай жағдайлар басымнан көп өткен. Барасың, жарыста ұтасың. Келгеннен кейін келесі жарысты ұтсаң, пәтер береміз дейді. Жақсы деп, құлшынып, келесі жарысты ұтып келсең басқа әкім отырады. Айтсаң күлкілі нәрсе. Өмірімде үш рет жарысқа барып, үш рет әкім ауысып кеткен жағдайлар болды. Оны қазір ашып айтып отырмайсың. Сол нәрсені журналистер көрсетіп, айтпаса, спортшылар оны айта алмайды. Жалпы қазіргі боксшылардың бәріне айтарым — босамау керек. Бір жарысты ұтып, жинайтын көрімдікті жинап, үкіметтен алатын сыйақыны алып, босаңсып кетуге болмайды. Жігіттер бір нәрсені түсіну керек. Спортта жүргеннен кейін біздің түпкі мақсатымыз ақша болмау керек. Ақша болса, сен бірінші жарысты ұтқаннан кейін құлдырайсың. Әлемде спортта жүрген қаншама бай жігіттер бар. Олар спортты тастаса, өздері түгілі немерелеріне дейін ақшалары жетеді. Бірақ, түпкі мақсат ақша болмай тұр. Біздің жігіттерге де өмірде із қалдыратын, тарихта қалатын ұлы мақсат керек ”, — дейді ол.

Сондай-ақ, боксшы журналистің “болашақта бапкер болу ойыңызда бар ма” деген сұрағына да жауап берді.

”Әзірге бапкер болуға қатты талпыныс жоқ. Болашақты болжай алмайсың ғой. Айта кететін нәрсе, Ұлттық құрамада 40 болса, оның 10 бірінші нөмір. Қалған 30 боксшы да біз сияқты жарысқа барады. Жалақысы бізден екі есе аздау болуы мүмкін. Бірақ, біз сияқты жүреді және бізбен бірге мансаптарын да аяқтайды. Аяқтағаннан кейін оларға не жұмыс жоқ, не бітірген дұрыс оқулары жоқ. Сол жағы қаралса деген ой бар. Неге құрамаға ағылшын мұғалімін бекітіп, балаларға ағылшын тілін үйретпеске?! Боксшылар мансабын аяқтағаннан кейін халықаралық ұйымда жұмыс істеуі мүмкін дегендей. Өйткені, 40 баланың барлығы Олимпиада чемпионы болып кете алмайды ғой”, — дейді Абылайхан Жүсіпов.