Еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, Лондон олимпиадасының қола медаль иегері Ақжүрек Таңатаров елдегі еркін күрес спортының бүгінгі ахуалы туралы өз ойын ашық айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Бізде еркін күресте мынау “Қазақстанның мектебі” деп айтатындай “мектеп” жоқ. Ондай мектеп қалыптастыру үшін федерация мен бапкерлік құрамды түгел ауыстыру керек. Жаңа Қазақстанда жаңа басшылар келіп жатыр. Қанша жастар келіп, біраз жұмысты атқарып жатыр. Мүмкіндікті әр адамға беру керек деп ойлаймын. Федерациямыз алдағы Олимпиадада “бір алтын медаль аламыз” деп уәде беріп жатыр екен. 2004 жылдан бері шықпаған Олимпиада чемпионы 2028 жылы шығады дегенге кепіл бар ма? Мен бұл уәдеге сенбеймін. 100 пайыз айта аламын – Олимпиада чемпионы шықпайды”, — дейді ол.

Сондай-ақ оның айтуынша, елдегі жаттықтырушылардың қазіргі деңгейімен Ризабек Айтмұхан Олимпиадаға бара алмайды.

“Ризабек Айтмұқан мен Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионы болды. Бірақ жиналыстарда қазақтар күреспейді дейді. 19 жасымнан жарысқа барып жүрдім. Леноид Спиридонов екеуміз бірге жарысқа қатыстық, бірге ұтылдық. Бірақ мені “әлсіз, жасы үлкен, күрестен кетуі керек” деп таныстырды. Ал Спиридонов “жас, болашағы зор” деді. Шын мәнінде, мен 1986 жылғы, ол 1981 жылғы – мен одан 5 жас кішімін. Бірақ мені ерте қартайтты. Бұл қазақ балуандарына деген көзқарасты көрсетеді. Осындай көзқарастан балалар өспейді. Қай жерде болмасын қазақтар күресе алмайды дейді. Егер қазақтар күресе алмаса осыншама жерді ата-бабамыз жаулап алып берер ме еді?! Бауыржан атамыз секілді қайраткерлер қай елден шығып жатыр?! Әлем чемпионы шыққан жерден Олимпиада чемпионы да шығады. Бірақ, қазіргі бапкерлік құраммен Олимпиада чемпионы болмайды. Ризабек әлем чемпионы болды. Әлем чемпионы болды деген сөз, ол әлемдік рейтингте бірінші тұрған бала. 97 келіге келген кезде жоқ дегенде 3-ші орынға күресіп отыру керек. Ал, Ризабек қазір қайда? Әлі жоқ. Әлем чемпионаты емес, Азия чемпионатын ұта алмай жатыр ғой. Ол бапкерлердің соған жасап жатқан жұмысы. Дұрыс емес жаттығу жасатады. Ризабек — қазаққа Алла тағаланың берген бағы. Аяқ-қолы ұзын, бой десе бойы бар. Мемлекеттен жаттықтырушы жалдап, қай елдің мектебі келсе, сол жаққа жіберу керек. Сол кезде ғана чемпион шығады. Қазақстанда отырған қазіргі жаттықтырушылардың деңгейімен Олимпиадаға бара алмайды», – дейді ол.