Үндістанның Химачал-Прадеш штатындағы шалғай Шиллай ауылында Хатти тайпасының екі ағайыны Прадйеп пен Капил Неги бір әйелге үйленді. Үш күнге созылған той ежелгі " Жодидара " дәстүрі бойынша өтті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Economic Times-ке сілтеме жасап.

Бұл дәстүр бойынша туған екі ағайынды бір әйелге үйленеді, ал мұның түпкі мақсаты – ата-бабадан қалған жерді бөлшектемей, бір әулеттің қолында сақтау.

"Біз мұны жасырмай, ашық өткіздік. Бұл — біздің бабаларымыздан қалған салт. Шешімді бірге қабылдадық. Бұл – біздің мақтанышымыз", — дейді Прадйеп Неги.

Капил Неги де ағасының сөзін қолдады.

"Біз – бір отбасымыз. Бірге әйелімізге қамқорлық жасап, махаббатқа бөлейміз", – деді.

Келін Сунита Чаухан болса, бұл дәстүрді бұрыннан білетінін және ешкімнің мәжбүрлемегенін айтты.

"Барлығы менің қалауыммен болды. Дәстүрді құрметтеймін", — дейді ол.

Дәстүрдің түпкі мәні

Хатти тайпасында жер көлемі аз таулы өңірлердегі жерді бөлу қауіпті болған. Сондықтан бір әулеттің жері бөлінбей, мұрагерлер бірге өмір сүруі үшін ағайындардың бір әйелмен некелесуі қалыптасқан. Бұл тек экономикалық емес, әлеуметтік бірлікті де қамтамасыз еткен.

Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Бірі мәдени мұраның сақталуын құптаса, енді бірі заманауи қоғамда мұндай салттың қажетсіз екенін айтты. Ал жаңа құрылған отбасы пікірлерге мән бермей, өз шешіміне риза екенін жеткізді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget