Тестілеуге қатысу үшін 28 мыңға жуық өтініш қабылданды.

Елімізде тамыз ҰБТ-сы басталды, ол 14 тамызға дейін жалғасады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"ҰБТ-ға қатысушылардың 65%-ға жуығы қазақ тілінде, 35%-ы орыс тілінде, 89 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға ниет білдірді. Өткізудің бірінші күні 2,2 мың адам ҰБТ тапсырады", – делінген хабарламада.

Тамыз айындағы ҰБТ-ға ағымдағы және өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, қандастар, шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері, шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға, басқа мамандықтардан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер және жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер қатысады.

ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.