Бұйрық 2025 жылғы 18 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық экономика министрлігі ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұдан былай ауылға келген әр сала мамандары 15 жылға дейінгі мерзімге 1% жылдық мөлшерлемемен несие ала алады.

"Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп кешені салаларының мамандарына және ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметкерлеріне, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген жағдайда, баспана сатып алу немесе салу үшін несие беріледі. Бұған дейін бұл мөлшерлеме жылына 0,01% еді", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін маманның немесе оның туыстарының өтініш берген күнге дейінгі соңғы екі жыл ішінде маман жұмыс істейтін ауылдық елді мекенге тиесілі аудан (облыстық маңызы бар қала, аудандық маңызы бар қала) аумағында меншігінде тұрғын үйі болмауға тиіс екені нақтыланды.