Бахтияр Ержігітов бар болғаны 32 жаста еді.
25 шілде күні Алматы облысында әскери тікұшақ жоғалған болатын. Кейін арнайы қызметкерлер тікұшақтың бірнеше бөлігін Сорбұлақ маңынан тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
9 тамыз күні Қорғаныс, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктерінің бірлескен жұмысы, "Қазақстан Ғарыш Сапары" АҚ қолдауының нәтижесінде математикалық есептеулер жүргізіліп, спутниктік мәлімет арқылы судағы 14 метр тереңдіктен тікұшақтың бөлшектері мен бір экипаж мүшесінің денесі табылған еді. Күні кеше тағы бір әскеридің денесі судан шығарылды. Олардың бірі – Павлодар облысының тумасы Бахтияр Ержігітов.
Бахтияр Ақтөбедегі әскери училищені, Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтты тәмамдап, Семейде, кейін Жетігенде қызмет етті. Борт инженері қызметінен майор шеніне дейін көтерілді.
"Бүгін Шарбақты ауданы, Шалдай ауылынан шыққан жерлесіміз – Бахтияр Ержігітовті туған-туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Ол ата-анасының көз қуанышы, отбасының тірегі, елінің ертеңіне үміт болған азамат еді. Жасы небәрі 32-де еді. Бірақ сол қысқа ғұмырдың өзі – ерлікке, елге адалдыққа толы болды. Ертіс-Баян жұртшылығы атынан жары Раушанға, балалары Ахмад пен Айлинге, ата-анасы Сәниолла Ержігітұлы мен Айман Задашқызына қайғырып көңіл айтамыз", — деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Ал экипаждың үшінші мүшесіне қатысты ақпарат әзірше жоқ. Бұған дейін Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев іздеу жұмыстары үзіліссіз тәулік бойы жалғасып жатқанын айтқан еді. Сорбұлақтың тереңдігі 5 метрден 25 метрге дейін жетеді. Бұл – техногенді сарқынды су қоймасы.
Алматының кәріз жүйесінен келетін лас су осы жерге жиналады. Сондықтан іздеу жұмыстарын жүргізу қиынға соғып отыр.