2025-2026 оқу жылына жергілікті атқарушы органдардан мемлекеттік білім беру грантына өтініштерді қабылдау басталды.

Әкімдіктер жыл сайын басым әрі маңызды мамандықтар бойынша гранттар бөледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Биыл жергілікті атқарушы органдар 1729 білім беру гранттарын бөлді.

Атап өтетін болсақ, 526 грантты Астана әкімдігі бөліп отыр. Бұл – әкімдіктер арасындағы ең үлкен көрсеткіш.

  1. Шығыс Қазақстан облысы – 299 грант;
  2. Шымкент қаласы – 285;
  3. Атырау – 265;
  4. Жамбыл облысы – 215;
  5. Абай облысы – 200;
  6. Түркістан – 180;
  7. Батыс Қазақстан облысы – 128 грант;
  8. Маңғыстау облысы – 108 грант;
  9. қалған аймақтар 100-ден аз грант бөлген.

Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беру қажет.

Сондай-ақ ЖОО-ға білімі туралы құжат, ҰБТ сертификатын, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, жеңілдік санатын растайтын құжаттарды (бар болған жағдайда) тапсырады.

Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.

Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.