Мұндай жаңалықты Оқу-ағарту министрі хабарлады.
Ғани Бейсембаевтың сөзінше, бұл пилоттық жоба еліміздің 20 қаласы мен 7 ауданында сәтті іске асырылған, өз тиімділігін дәлелдеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биылғы оқу жылында 11800 мектепке дейінгі ұйымында 1 миллионнан астам бала тәрбиеленеді.
– Жыл басынан бастап балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы еліміздің 20 қаласы мен 7 ауданында сәтті іске асырылғаны белгілі. Пилоттық кезеңде 461 мың ваучер беріліп, балабақшаға кезектілік 93 мыңға қысқарды. Нәтижесінде жергілікті бюджеттерден 7,7 млрд теңге үнемделді. Қыркүйек айынан бастап биылдың соңына дейін барлық балабақша кезең-кезеңімен толықтай осы ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтеді, – деді Үкімет отырысында еліміздің бас ұстазы.
Сондай-ақ, министр мектеп жасына дейінгі балаларды адал еңбекке баулу мақсатында 12 мың баланы қамтитын жаңа жоба қыркүйек айынан бастап еліміздегі 100 балабақшаға пилот ретінде енгізілетінін хабарлады.
Еске салай кетейік, Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру жүйесі 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіліп келеді.