Үкімет жалпы ішкі өнім өсімін 7 айда 6,3 пайызға көбейткенін жеткізді.

Көрсеткіш экономикадағы негізгі салаларды қолдау әрі әртараптандыру нәтижесінде артқан. Әйтсе де инвестициялық белсенділікті ынталандыруға күш салынып жатыр. Тұрақты өсімді қамту үшін Президент тапсырмаларын іске асыру барысы бақылауда екенін жеткізді.

Елдің жаңа экономикалық бағдары – әділдік, инклюзивтік және үнем. Осы үдеден шығуды Президент үнемі айтады. Ал оны шебер үйлестіру үкімет пен әкімдердің шешіміне байланысты. 7 айдағы жетістікке қарасақ қарқын бар.

Жалпы ішкі өнім өсімі 6,3 пайыз. Ол нарық пен парықтан құралып отыр. Көрсеткішті көтерген көлік пен қойма, көтерме әрі бөлшек сауда, құрылыс пен тау-кен және өңдеу өнеркәсіптері.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

- Жалпы жоспар 5 пайыз болатын. Жалпы жаман емес 6,3 пайыз деген. Бірақ бір нәсені ескеруіміз керек. Осы өсімге әсерін тигізген бұл біздің әзірге құрылымдық салаларымыз. Мысалы, құрылыс саласы сыртқы болып жатқан құрылымдық өзгерістерге, тәуекелдерге тікелей байланысы бар. Яғни сырттан сұраныс төмендеп немесе құрылысқа қатысты шикізаттар төмендеп кетсе бұл бұған сеніп, экономикалық өсімді тікелей байланыстыруға да болмайды. Көлік саласы да солай. Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай. Қазақстан транзиттік мүмкіндігін өте тиімді пайдаланып жатыр. Бірақ бұл да үлкен мемлекеттер саяси ойындарының әсеріне түсіп қалса жалпы әсері әлсіреп қалуы мүмкін.

Халық жалаң жоспардан жалықты. Сондықтан сөз бен істің қабысқанын қалайды. Олай болса құрылыстағы қарқын мынадан қалыптасқан.

Түркістан облысында мектептер, теміржол желілері және көлік жолдары салынып жатыр. Ақтөбе өңірінде жайлы мектептер соғылып, жолдар төселген. Жамбыл және Шығыс Қазақстанда тұрғын үйлер, медициналық нысандар мен электр желілерін тарту жобалары жүзеге асырылды.

Ербосын Нұрмұханұлы, экономист:

- Егер де мемлекеттік сатып алуды табанды жүргізсек отандық өнімді қолдау барысында, онда сөзсіз біздің ішкі өндіріс дамуы мүмкін. 60 пайыздан артығы ұлттық компаниялардың үлесінен келеді. Ал ұлттық компания мемлекеттің қолында тұр. Егер біз 60 пайызды ұстап отырған ішкі өнім үлесінен мемлекеттік сатып алуды арттырсақ әрине отандық өнімнің күннен күнге артуы әбден мүмкін.

Сауда жайын сабақтасақ, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан және Астанада өсім жақсы.

Аймақтарда астық, агрохимия, азық-түлік, отын, фармацевтика өнімдері мен техника сату көрсеткіші артқан.

Өзге өңірлерде өз өнімдерін көбейткені жөн. Ал өнеркәсіп өндірісінде барлық облыста оң динамика болса да суырылып алға шыққандар Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары. Қатарында Шымкент пен Алматы қалалары бар.

Енді өңдеу өнеркәсібіне келсек, машина жасау, азық-түлік, мұнай өнімдері, химия өнеркәсібі және металлургияда өсім байқалады.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

- Бізде қазір инфляция 9-10 пайыз болып тұрса, егер осы инфляцияны 5 пайызға дейін төмендетіп, үкімет соны қолға алып, нәтижесіне жетсе онда халық осы экономикалық өсімнің бар екендігі, төлем қабілеттігі, халықтың қаражаты, жалақысы, күнделікті шығындарының кірістерінен асып кетпеуіне мүмкіндік алады.

Үкімет алдында экономиканы әртараптандыру міндеті тұр. Бірақ соған ықпал ететін ірі бизнесмендермен де ымыраға келу керек. Олармен мәміле ел іші мәселесін реттеуге, ал, инвесторларды тартудың тың тәсілі тыңнан түрен салуға септігін тигізеді. Сарапшылар банктер де кредитке байланбай, пайдалы жобалармен айналысқанын дұрыс санайды.

Нысаналы Ығыл