Аптап ыстық Еуропа елдерін әбігерге салды.

2024 жылы Германияда 317 мың кондиционер өндірілді. Бұл 2023 жылмен (164,7 мың) салыстырғанда шамамен екі есе көп. Соңғы бес жылда елдегі кондиционер өндірісі 75%-ға өст, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Импорт көлемі де артып келеді. Der Spiegel дерегінше, Германияға жеткізілетін кондиционерлердің төрттен бірі – итальяндық үлгілер. Сондай-ақ қытайлық және швед маркалары да сұранысқа ие.

Сарапшылардың айтуынша, кондиционер Германияда әлі күнге дейін үйдің стандартты жабдығы емес, ал Еуропадағы аптап ыстыққа байланысты мәжбүрлі түрде орнатыла бастады.

Бірақ елдің ең ірі көлік компаниясы – Berliner Verkehrsbetriebe (BVG) метрополитен вагондарына кондиционер орнатудан бас тартып отыр. Компания бұл шешімді техникалық және экологиялық себептермен түсіндіреді: құрылғылар энергияны көп тұтынады және туннельдердегі температураны көтеріп, микроклиматты нашарлатуы мүмкін.