45-тен астам жәбірленуші мен олардың туыстары соттан өлім жазасын талап етіп отыр.

Иранның Мазандаран провинциясында тұратын 56 жастағы Колсум Акбари 22 жыл ішінде 11 күйеуін улап өлтірді деп айыпталып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тергеу мәліметінше, ол ауқатты, жалғызбасты қарттармен танысып, ірі көлемдегі маһр үшін тұрмысқа шығып, кейін дәрі-дәрмек пен техникалық спирт қосылған қоспамен улаған.

2000-2023 жылдары Сары, Нека, Махмудабад, Бабол және Қойемшахр қалаларында жасалған қылмыстар арасындағы байланысты анықтау қиын болған. Акбари 2023 жылы 82 жастағы Ғұламриза Бабаи көз жұмғаннан кейін қамауға алынған. Марқұмның танысы оның әкесін де уламақ болғанын айтып, полицияға хабар берген.

Тергеу кезінде әйел 11 кісі өлтіру және 1 адам өлтіруге оқталу бабы бойынша айыпталды. Ол қылмыстарын мойындағанымен, нақты құрбандар санын есіне түсірмеген.

"Мүмкін 13 немесе 15 адам болған шығар", – деді ол.

45-тен астам жәбірленуші мен олардың туыстары соттан өлім жазасын талап етіп отыр. Прокуратура қайтыс болған күйеулерден алынған мүліктің Акбаридің қызының атына жазылғанын анықтады.