Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспий теңізінің мәселелерін кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КеАҚ-қа Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлінді.
Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Институт экожүйені сақтау, балық қоры мен ихтиофаунаны зерттеу, итбалықтардың қырылу себептерін анықтау және популяциясын қорғау бағытында жұмыс істейді. Сондай-ақ теңіздің гидрологиялық процестерін, деңгейін, климат өзгерістерін, судың сапасын және биологиялық алуантүрлілікті бақылаумен айналысады.
Бөлінген қаржы зерттеу инфрақұрылымын жетілдіруге, гидробиология, гидрохимия, гидрометеорология және спутниктік мониторинг зертханаларында жұмыс жүргізуге жұмсалады.
Каспий теңізінің Қазақстан жағалауы 2320 шақырымға созылып, Каспий маңы елдері арасындағы ең ұзын жағалау сызығы болып табылады.