Әсіресе қоғамдық орындар, базар мен сауда нүктелерінде бақылау күшейген.
Атыраудың тәртіп сақшылары бет-жүздерін тұмшалап жүрген тұрғындарға ескерту айтып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сақшылар қазір адам нөпірі көп қоғамдық орындар мен мешіт, сауда нүктелерін аралап түсіндірме жұмыстары жүргізіп жатыр. Бірақ, күшіне енген заңды көпшілік жаппай қолдай қойған жоқ. Әсіресе қоғамдық орындар, базар мен сауда нүктелерінде бақылау күшейген.
Осылайша тәртіп сақшылары енді елімізде адамның бейнесін анықтауға кедергі келтіретін киім киіп, бұйым тағуға болмайтынын жалпақ жұртқа түсінікті тілде жеткізбек. Ал көпшіліктің Жаңа заңға қатысты пікірі сан түрлі. Ал кейбір тұрғындар аптап ыстықтан қорғану мақсатында бет-жүзімізді жасырамыз. Сондықтан, жаңа өзгеріске қарсымыз деп отыр. Бірақ, тәртіп сақшылары тұрғындарға қатаң тыйым сала алмаймыз дейді.
"Халықтың пікірі әртүрлі әрине, ол өзінің құқығы. Біреулер құптаса, біреулер құптамай жатыр. Әркімнің өз ойына тыйым сала алмаймыз...Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты мақсатында адамдарды тану үшін мүмкіндік көп болуы керек. Бетті тұмшалап, маска кисе никаб сияқты тыйым салынған киімдерді кисе, адамдарды тану үшін кедергі келтіреді", – дейді Атырау қалалық полиция басқармасының полиция инспекторы Әлихан Әміров.
Полицейлер заң күшіне енгелі 300-ден аса тұрғынға ескерту беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген.
Айта кетейік, заң талаптарын орындап, қолайсыз ауа райынан қорғанған адамға бетін жауып жүруге болады. Және қызметтік міндеттер мен медициналық көрсеткіштер бойынша да шектеу жоқ. Спорттық және мәдени шараларға қатысушыларға да тыйым салынбайды.