Орал қаласында халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған шаралар кеше Қадыр орталығында өткен концертте қорытындыланды.

Қажырлы қызметімен, еселі еңбегімен ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген белсенді жастар аймақ басшысының алғыс хатымен марапатталды. Танымал өнер жұлдыздары жастарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Орал өңірінде 14 пен 35 жас аралығында 186 мың тұрғын бар. Бұл жалпы халықтың 20 пайызы. Жастардың лайықты білім алып, отбасы құрып, баспаналы болуына мемлекеттік бағдарламалардың берері мол. Мәселен жыл басынан бері облыста 609 маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 240 млн теңге көтерме ақы алса, былтыр «Жайық жастары» бағдарламасы бойынша 41 жанұя баспаналы болған. Жиылғандарды мерекемен құттықтағандар елімізде жастар саясаты басты назарда екенін атап өтті.

Орынбасар Кенешев, БҚО Қоғамдық даму басқармасының бас маманы:

- Биылғы жылы сол межені 160 жасқа жеткізу жоспарда бар. Қазіргі таңда 2 млрд жарым теңге бөлініп, 70 жас әзірше баспаналы болды. Осы «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңі 2025 жылдың екінші жартысына жоспарланған.

Жастар күніне орай ұйымдастырылған салтанатты кеште спортта, өнерде, шығармашылықта, мемлекеттік қызметте көзге түскен белсенді жастар марапатталды. Солардың бірі Мирас Жакин бүгінгі шараға шалғайдағы Бөкей Ордасы ауданынан келіпті. Ол Ұялы орта мектебінде жеткіншектерді волейболға баулып жүр.

Мирас Жакин, ұстаз:

- Қазіргі жастар біріншіден, елім деп соққан жүректері болу керек. Ел үшін қызмет етуі керек. Біздің басты мақсатымыз келешек ұрпақ жақсы тәрбие беріп, дұрыс бағыт-бағдар беру міндетіміз. Қазіргі жастарымыз шымыр, қайсар және де әділ болуы керек деп ойлаймын.

Жастар мерекесінде танымал өнер жұлдыздары жиылғандарға ән-күйден шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, 24KZ