Бүгін ғана қызметінен кеткен Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев жұмысын қорытындылап, алдымен өзіне артылған сенімді ақтауға тырысқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ең алдымен, ел тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірінде өзімнің туған қалама қызмет етуге мүмкіндік берген мемлекет басшысына ризашылығымды білдіремін. Бұл мен үшін үлкен абырой ғана емес, зор жауапкершілік те болды. Маған артылған сенімді ақтауға тырыстым, – деді Досаев.

Сондай-ақ ол қала тұрғындарына азаматтық белсенділік көрсетіп, шаһардың дамуына атсалысқаны үшін алғыс айтты.

Соңғы үш жылдан астам уақыт менің өмірімде елеулі сын-қатерлер мен маңызды жетістіктер кезеңі болды. Бұл жетістіктер халықтың өмір сапасын жақсарту мен сапалы өзгерістерге жетудегі үлкен қадамдар болды. Мұндай нәтижелерге мемлекет басшысының тұрақты қолдауының, сіздердің — құрметті алматылықтар — қолдауларыңыздың және кәсіби әрі патриоттық команда жұмысының арқасында қол жеткіздік, – деді Досаев.

Сондай-ақ қаланың болашағына сенетінін жеткізді.

Мен Алматының заманауи әрі дамыған мегаполис, жоғары өмір сапасы мен жайлы қалалық ортасы бар қала ретінде жарқын болашағына шын жүректен сенемін, – деді Ерболат Досаев.