Оның 1,75 трлн теңгесі – ШОБ субъектілеріне, 657,5 млрд теңгесі АӨК-ке тиесілі.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтегі жиында экономиканы қаржыландыру туралы айтып өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Банк өтімділігін тарту үшін "Бәйтерек" холдингінің, Экономика министрлігінің, Ұлттық банктің, ҚҚҚ және ҚНРДА қатысуымен жобалық кеңсе құрылған. Синдикатталған қаржыландыру арқылы 9,1 трлн теңгені құрайтын 19 жоба мақұлданып отыр.
– Бизнестің хабардарлығын арттыру мақсатында "Бизнестің цифрлық картасы" жобасы жүзеге асырылуда. 100-ден астам қолдау шарасы бар Тізілім бекітілді. "Бәйтерек" холдингіне қолдау көрсету шараларын қамтитын Bgov ақпараттық жүйесін 71 мың пайдаланушы 2,3 млн рет пайдаланған eGov Business қосымшасымен интеграциялау аяқталды, – деп қоса кетті Серік Жұманғарин.
Ұлттық экономика министрі өз сөзінде 2025 жылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша "Бәйтерек" холдингі кәсіпкерлерге 3,5 трлн теңгеге қолдау көрсеткеніне тоқталды. Оның 1,75 трлн теңгесі – ШОБ субъектілеріне, 657,5 млрд теңгесі АӨК-ке тиесілі екен. Ірі бизнес 1,38 трлн теңгеге, ал экспорттаушылар 394 млрд теңге қолдау алған. Субсидиялардан кепілдіктерге көшу шеңберінде "Даму" қорының базасында 7 млрд теңгеге дейінгі ШОБ жобалары және 7 млрд теңгеден астам ірі жобалар үшін кепілдік қорлары құрылды.