Ұсталған 55 жастағы ШҚО тұрғыны барлық мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер жануарлар әлемін қорғау өкілдерімен бірлесіп өткізген жедел профилактикалық рейд барысында Сузуки автокөлігін тоқтатқан.

Тексеру кезінде көліктен Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген бір ителгі және тұзақ ретінде пайдалану мақсатында алты көгершін табылып, тәркіленді.

"Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар түрлерімен заңсыз айналысу фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәркіленген жабайы құстар Өскемен қаласындағы мемлекеттік зообаққа тапсырылды", – делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары азаматтарды табиғат қорғау заңнамасын сақтауға және облысымыздың флорасы мен фаунасын қорғауға шақырады.